БЕЙБАРЫС СҰЛТАН ҰСТАҒАН ҚҰРАН КӨШIРМЕСI ЕЛГЕ ЖЕТКIЗIЛЕДI
БЕЙБАРЫС СҰЛТАН ҰСТАҒАН ҚҰРАН КӨШIРМЕСI ЕЛГЕ ЖЕТКIЗIЛЕДI

Мысыр билеушісі Бейбарыс Сұлтанға тиесілі Құранның Ұлыбритания ұлттық кітапханасында сақталып келген электронды көшірмесі Қазақстанға жеткізілетін болады. Бұл туралы B-News сайты хабарлады. Сонымен қатар, корольдіктің географиялық қоғамында сақталған қазақтың этнограф-ғалымы Шоқан Уəлихановтың Қашқарияға саяхаты бойынша жазылған ағылшын тіліндегі кітабының көшірмесін алдыру туралы келіссөздер жүргізілуде.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева Тұманды Альбион еліне жасаған сапарындағы жемісті келіссөздер жөнінде əңгімелеп берді. «Сапар барысында Ұлыбританияның парламенттік кітапханасы, ұлттық кітапханасы мен Кембридж кітапханасы қорларымен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Айта кету керек, Британ елінде кітап мəртебесі өте биік, насихаттау жұмыстары орасан. Ұлыбритания Ұлттық кітапханасының екінші қабатында мұражай орналасқан. Осы мұражайдың үлкен залында Бейбарыс Сұлтанның Құраны сақтаулы екен. Кітапты көргенде ерекше толқыдым. Құран бұл кітапханаға көп жылдар бұрын жеткізілген. Олар Құранды мақтан тұтып, үлкен көрмеге қойған» дейді Үмітхан Мұңалбаева. 

Британ кітапханасында «Turning the Page» жобасы аясында көне кітаптарды электронды нұсқаға көшіру жұмыстары жүргізіледі екен. Жоба бойынша алғаш рет Шенборнның 800 жылдай бұрын жазылған кітабы электронды нұсқаға көшірілген. Қазіргі уақытта Бейбарыс Сұлтанның меншігінде болған ежелгі Құранның цифрлық нұсқасы жасалып жатыр. Жеті томнан тұратын Құран кітабын 700 жылдай бұрын белгілі Мысыр каллиграфы Мұхаммед инб əл-Уахид жазып шыққан. Қыпшақ елінен шығып, Мысырды билеген Бейбарыс Сұлтанның əмірімен 1304-1306 жылдары Каирде жарық көрген кітапты Мұхаммед ибн Мубадир, Айдугди ибн Аллах əл-Бадри есімді суретшілер безендірген. Араб стиліндегі алтынмен əрленген Құран жазбасы Британ кітапханасындағы кітаптардың ең құндысы. Үмітхан Дəуренбекқызының айтуынша, Құран өте əдемі безендірілген. Ұлы ақиқаттардан сыр ақтаратын қасиетті кітаптың көшірмесін елге əкелу алдағы уақыттың басты мақсат болып отыр. «Бейбарыс Сұлтан Құранының электронды көшірмесін елге əкелу үшін келіссөздер жүргізілуде. Бұған дейін біздің ел өтініш жазып, 20-30 бетін алыпты. Ал Бейбарыс Сұлтанның кітабы жеті томдық. Қазақстан елшілігі осы келіссөздер нəтижелі болуы үшін бізге қамқорлық танытуда. Бұл тəуелсіздігіміздің 25 жылдығына үлкен тарту болар еді» дейді профессор.

Айта кетейік, этнограф-ғалым Шоқан Уəлихановтың əйгілі Қашқария саяхаты туралы еңбегінің көшірмесін Қазақстанға жеткізу бойынша да келіссөздер жүргізілмек. Ғалымның ағылшын тіліндегі A Journey to Kashqar in 1858 кітабы Ұлыбритания корольдігі географиялық қоғамында сақталған.

Дереккөз: www.e-islam.kz

Арман ҚамбарұлыАрман Қамбарұлы
9 лет назад 4891
0 комментариев
О блоге