"Болашақ" түлегі Лондонда оқуын бітіріп өз ниетімен отандағы ауылға келіп мектепте сабақ беріп жатыр
"Болашақ" түлегі Лондонда оқуын бітіріп өз ниетімен отандағы ауылға келіп мектепте сабақ беріп жатыр

Айтмұхаммед Қалмаханов – Лондон қаласындағы патшайым Мария университетіне тапсырып, «Ақпараттық жүйе және технологиялар» мамандығын бітіріп шыққан. Еліне оралған жас маман Астана маңындағы шағын ауыл мектебіне жұмысқа тұрады.

Мен келгенде төрт қана компьютері бар бір сынып болды. Оның екеуі істен шыққан еді. Оқушыларыма ұялы телефон қолдануға рұқсат беріп, сол арқылы бағдарламаларды үйрете бастадым, – дейді Айтмұхаммед. 

Қызылсуат ауылында өткен жылы жаңа мектеп ашылды. Онда қазіргі заманға сай компьютерлік сынып, соңғы үлгідегі компьютерлер бар. Ендігі, Айтмұхаммед балаларды информатика пәнін терең меңгеруге бар күш-жігерін салып келеді.

Информатика тек мектеп қабырғасында оқып кететін пән ретінде болғанын қаламаймын, бұл өмірлік керек пән, велосипд айдай алу сияқты қажет нәрсе деп есептеймін, - дейді ол.

Онымен қоса Айтмұхаммед Астана қаласындағы жекеменшік мектепке ІТ маманы болып жұмысқа тұрған. Ондағы ойы, бұл мектепте қандай оқулықтар мен бағдарламаларды пайдаланатынын көру. Әрине, сосын оны шағын ауылдағы балаларға үйрету. Ол Қызылсуат ауылынан бағдарламалау мен робототехника мектебін ашуды жоспарлап отыр. Бұл жобасы жақын уақыттары іске аспақ.

Бұл ауылға жас кезімде келдім. Мұндағылар мені өте жақсы қабылдады. Менің мақсатым балалардың болашағына әсер ететін іс жасау. Жалпы, оқушылармен көптеген тәжірибеге барғанды ұнатамын. Заман талабынан қалмауды көздеймін. Бір кездері Үндістанның алыс бір ауылына тәжірибе жасау үшін компьютер орнатып кетеді. Біраз уақыттан соң, келіп қараса балалар компьютерді еркін пайдаланып отыр екен. Балалардың қабылдауы тез, оларды жаңа нәрсеге үйрету оп-оңай. Сол себепті, өз оқушыларыма көп білген-түйгеніммен бөліскім келеді, – дейді Айтмұхаммед.

Дереккөз: 100esim.el.kz

Арман ҚамбарұлыАрман Қамбарұлы
6 жыл бұрын 3726
0 пікір
Блог туралы